ҚАЗАҚСТАН МЕН ГЕРМАНИЯ ӨКІЛДЕРІ 11 КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ
Алматы облысында іске асырылып жатқан Alatau City жобасына Германиялық инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Берлинде өткен инвестициялық роуд-шоу барысында өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс, медицина және қалалық инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін 11 келісім жасалды, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық агенттігі.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Германия астанасында федералдық мемлекеттік органдар мен ірі компаниялардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздерде Alatau City аумағына неміс инвестицияларын тарту, озық технологияларды енгізу және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселелері сөз болды.
Германия Федералдық канцлерінің халықаралық экономикалық саясат жөніндегі кеңесшісі Левин Холлемен кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық-қаржылық платформаны құру бастамасы талқыланды. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы қыркүйекте Германияға сапары кезінде көтерген болатын. Тараптар Alatau City-дің инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік бастамаларын аталған платформаның алғашқы жобалары ретінде қарастырды.
Сондай-ақ Германияның Федералдық тұрғын үй шаруашылығы, қала құрылысы және құрылыс министрлігінің статс-хатшысы Олаф Йоахиммен кездесуде заманауи құрылыс технологиялары мен энергия үнемдейтін шешімдерді қолдану жайы қозғалды. Ал Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі статс-министрі Гунтер Крихбауммен екі ел арасындағы экономикалық байланысты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды.
Берлиндегі басқосудың негізгі бөлігі Германия экономикасының Шығыс комитеті мен Германия өнеркәсібінің федералдық одағының (BDI) қолдауымен өткен Alatau City Investment Round Table инвестициялық дөңгелек үстеліне арналды. Жиында Қанат Бозымбаев жаңа қаланың инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік кәсіпкерлерге ұсынылатын мүмкіндіктерді түсіндірді. Сонымен қатар инвесторлардың құқығын қорғау тетіктері мен арнайы құқықтық режим аясында қарастырылған жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
BDI басшылығының мүшесі Вольфганг Нидермаркпен кездесуде неміс кәсіпорындарының 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастық жөніндегі жол картасына қатысу мәселесі қаралды. Бұған қоса Alatau City аумағында жаңа өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктері сөз болды.
Келіссөздерге Henkel, SVEVIND Energy, Textima, dena секілді компаниялардың өкілдері де қатысты. Тараптар өндірісті жергіліктендіру, энергетика және су жүйелерін дамыту, машина жасау саласындағы бірлескен жобалар мен көпбейінді медициналық орталық құру жөнінде пікір алмасты.
Берлиндегі кездесулердің нәтижесінде өнеркәсіптік өндіріс, машина жасау, құрылыс, медициналық инфрақұрылым, қалалық қауіпсіздік және ұшқышсыз технологиялар бағыттары бойынша жалпы 11 келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланысты жаңа жобалармен толықтыруға мүмкіндік береді.
Инвестициялық роуд-шоу енді Франкфурт-на-Майне қаласында жалғасады. Онда қазақстандық делегация Германияның банктері мен қаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, Alatau City жобаларына қаржы тарту мәселесін талқылайды. Сондай-ақ неміс кәсіпкерлерінің қатысуымен тағы бір инвестициялық дөңгелек үстел өткізу жоспарланған.