Қазақстанда қалалық аэротакси жүйесін дамыту және азаматтық авиация инфрақұрылымын кезең-кезеңімен цифрландыру жұмыстары қолға алынады ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бұл жөнінде Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндап, салаға озық технологиялар мен биометриялық бақылау жүйесін енгізу жоспарларын таныстырды.
Жоба аясында отандық компаниялар пилотсыз сынақ ұшақтарын сатып алып, аэротакси бағытын дамыту үшін қону алаңдары мен операциялық орталықтардың құрылысын бастап кеткен. Бұл жаңа бағыт қалалық әуе қатынасын дамытудың алғашқы кезеңі ретінде қарастырылып отыр.
Сонымен қатар әуежайларда Q-Gate цифрлық жүйесі кеңінен енгізілмек. Жаңа жүйе арқылы жолаушыларды тексеру уақыты 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқарады. Биыл Астана мен Алматыдағы 16 терминалға қосымша Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларындағы тағы 16 терминал қосылады. Ал келесі кезеңде Астана–Шымкент бағыты бойынша ішкі рейстерде биометриялық жүйені сынақтан өткізу жоспарланған.
Министрдің айтуынша, цифрлық шешімдер жүк тасымалы саласына да енгізілуде. E-Freight жүйесі арқылы барлық процесс электронды форматқа көшіп, әуе жүктерін өңдеу уақыты бір тәуліктен бір сағатқа дейін қысқармақ.