Каспийдегі сарбаздар қазасына қатысты Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды
Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оның қамауға алынуына санкция берген, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ниязбеков Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ұсталған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қанат Ниязбеков Қазақ КСР-інің Семей облысындағы Аягөз қаласында, қазіргі Абай облысында дүниеге келген. Ол Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатын, Калининград жоғары әскери-теңіз училищесін және Санкт-Петербургтегі Н. Г. Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын тәмамдаған.
Оқиға қалай болды?
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметші теңізге кеткен.
Алғашқы ресми ақпаратта тоғыз әскери қызметшінің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны айтылған. Кейін іздеу жұмыстары кезінде тағы екі адамның денесі табылды. Осылайша қаза болғандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші аман қалған.
Оқиғаның себептерін анықтап, іздеу-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі — ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы — кеме жүргізу ережелерін бұзу бойынша тергеліп жатыр.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайға байланысты Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етті.
Отырыста тергеу жүргізу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны айтылды. Қазір тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, тиісті мамандар тартылған. Сонымен қатар қажетті сот сараптамалары тағайындалған.