АҚШ-тың Иранға қарсы әскери іс-қимылдарының құнын есептейтін арнайы онлайн-платформа іске қосылды, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
«Cost of the Iran War» деп аталатын сайт операцияға кетіп жатқан шығынды нақты уақыт режимінде көрсетеді. Есепке аймақтағы әскери құрамды ұстау, жіберілген кеме мен ұшақтардың шығыны, логистика, қару-жарақ және өзге де операциялық қажеттіліктер енгізілген. Сонымен қатар жойылған техника құны тіркеледі. Қазіргі көрсеткіш бойынша жалпы шығын 2 миллиард долларға таяп қалған.
Жарияланған деректерге сүйенсек, бұл операция АҚШ бюджетіне әр секунд сайын шамамен 4,4 мың доллар шығын келтіреді. Әскери-теңіз күштерін ұстау тәулігіне 15–21 миллион доллар аралығында болса, күнделікті жалпы операциялық шығын шамамен 220 миллион долларды құрайды.
Портал мәліметінде үш ұшақтың жойылуы 270 миллион долларға бағаланғаны айтылған. Ал Иран аумағына жасалған соққыларға 538 миллион доллар жұмсалған.
Қаражат құрамына жеке құрамды қамтамасыз ету, флот пен авиация шығыны, жанармай тасымалы, кибер және ғарыштық қолдау кіреді. Бір реттік техника шығыны мен қымбат зымырандар бөлек есептеледі.
Ұзақ мерзімді медициналық шығындар, экономикалық салдар және энергия нарығына ықпал бұл есепке енгізілмеген. Сондықтан нақты шығын көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін.