29 қарашаға белгіленген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен 35,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы «Dalamedia» ақпараттық порталы хабарлайды.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Михаил Бортник сайлауға бөлінген қаражаттың 70 пайызына жуығы, яғни 25,1 миллиард теңге сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлау науқанының ауқымы биыл тамыз айында өткен Құрылтай сайлауымен шамалас. Дауыс беру үдерісін ұйымдастыру үшін қосымша 3 022 аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 15 110 адам бар.
Сайлау 3 113 бірмандатты аумақтық сайлау округінде өткізіледі. Сонымен қатар мемлекет кандидаттарға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін заңнамада көзделген қолдау көрсетеді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 29 қарашада өтетін сайлауда азаматтар 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлайды. Қазіргі уақытта 10 971 кандидат тіркелген. Оның 1 219-ы партиялық тізім бойынша, 9 752-сі бірмандатты округтер бойынша ұсынылған.
Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 1 қарашада басталды. Дауыс беру қорытындылары 3 желтоқсаннан кешіктірілмей жариялануы тиіс.
Еске салайық, 12 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған болатын. Осыған сәйкес кезектен тыс сайлау 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді.