ЕЛДЕГІ БАРЛЫҚ ЖОЛДЫҢ САПАСЫНА КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ ЖАУАП БЕРЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жол сапасын жақсарту және шекарадағы көлік кептелісін азайту мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы келер жылы барлық автомобиль өткізу бекетін жаңғыртуды аяқтап, республикалық және жергілікті жолдардың сапасын арттыруды тапсырды. Бұл туралы «Dalamedia» ақпараттық порталы хабарлайды.
Президенттің айтуынша, ел аумағындағы жүк тасымалы жыл сайын артып келеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту, әсіресе солтүстік өңірлердегі жолдардың сапасын жақсарту маңызды. Осыған байланысты ол «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейту жұмыстарын бастауды тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық жүк тасымалдаушыларға қолдау көрсету қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан астамын шетелдік компаниялар жүзеге асырады. Президент бұл саланы ретке келтіріп, отандық кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейту керегін атап өтті.
Тоқаев жол құрылысына жауапты мекемелердің міндетті бір-біріне ысыра беретінін сынға алды. Оның пікірінше, жолдардың сапасына қатысты мәселені түрлі талаптарды сылтауратып кейінге қалдыруға болмайды. Сондықтан республикалық маңызы бар жолдармен қатар, жергілікті жолдардың жай-күйіне де Үкімет пен Көлік министрлігі жауапты болуы керек.
Мемлекет басшысы сапалы жол мен жол бойындағы қызмет көрсету орындары Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистика орталығына айналуына тікелей әсер ететінін жеткізді. Оның айтуынша, шекарадағы ұзақ көлік кезегі елдің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға кедергі келтіріп отыр.
Президент әуе тасымалы саласындағы мүмкіндіктерге де тоқталды. Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі әуе бағыттары Қазақстан аумағы арқылы өтетінін еске салған ол, осы артықшылықты нақты табысқа айналдыру үшін жердегі қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту қажет екенін айтты.
Сондай-ақ Тоқаев «Air Cargo» компаниясының жұмысына қатысты нақты нәтиже күтілетінін атап өтті. Компанияның қаржылық мүмкіндігі мен дербес шешім қабылдау құқығы бар екенін айтқан Президент әзірге бұл бағытта айтарлықтай нәтиже байқалмай отырғанын сынға алды.