Тоқаев «Бейнеу – Сексеуіл» жолын «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарының құрылысының басталуына арналған телекөпірге қатысып, «Бейнеу – Сексеуіл» бағытына «Арал-Каспий магистралі» атауын беруді ұсынды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласы Қазақстанның экономикалық дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздің географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік дәлізіне айналуға зор мүмкіндік береді.
Президент соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асқанын еске салды. Атап айтқанда, өткен жылы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, жүк тасымалы бес есеге артқан. Сондай-ақ Алматыны айналып өтетін теміржол желісінің пайдалануға берілуі жүк жеткізу уақытын едәуір қысқартқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұзындығы 800 шақырым болатын жаңа «Бейнеу – Сексеуіл» жолы халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігіне айналады. Жоба Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық теңіз порттарымен тікелей байланыстырып, Қытайдан Еуропаға жүк жеткізу қашықтығын шамамен мың шақырымға қысқартады. Ал тасымал мерзімі үш тәулікке дейін азаяды.
Осыған байланысты Президент бұл бағыттың тек республикалық емес, халықаралық маңызы да зор екенін айтып, оны «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жалпы ұзындығы 774 шақырым болатын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдарын кеңейту мен қайта жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, жобаларды отандық компаниялар жүзеге асырады. Құрылысқа 10 мыңнан астам адам жұмылдырылады. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін осы бағыттардағы жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға дейін жетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалардың ел экономикасының дамуына, туризмнің өркендеуіне және өңірлер арасындағы байланыстың нығаюына ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар көлік желілерін шығыстан батысқа қарай дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсетінін жеткізді.
Президенттің сөзінше, Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғайтын жетекші логистикалық орталықтардың біріне айналдыру – негізгі мақсаттың бірі. Ол автожол құрылыстарымен қатар заманауи цифрлық экожүйе қалыптастырудың және отандық тасымалдаушыларды қолдаудың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы басталған жұмыстарды 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау қажеттігін айтып, барлық жобаның белгіленген мерзімде жүзеге асатынына сенім білдірді.