Мемлекет басшысы жол-көлік апаттарына қатысты өз ұстанымын білдірді,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде “Заң мен тәртіп” қағидаты қоғам өмірінің барлық саласында берік ұстанымға айналуы тиіс екенін айтты. Оның ішінде тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолдағы қауіпсіздікке дейін осы талапқа сай болуы қажет екенін атап өтті.
Президент жыл сайын жол апаттарынан мыңдаған адамның қаза табатынын айтып, мұның негізгі себебі – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы бұған дейін жол сапасына қатысты айтылған пікірлерді де еске салды. Алайда соңғы жылдары жол инфрақұрылымы жаңғыртылса да, қайғылы оқиғалардың азаймай отырғанын атап өтті.
Осыған байланысты Президент қоғамда жүргізуші мәдениетін қалыптастыру мен ережелерді қатаң сақтау қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ Алматыдағы қайғылы жол апаты да мысал ретінде келтірілді. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, бір адам жарақат алған. Кейін бұл жағдайға байланысты бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылғаны айтылды.