ФЛОРИДАДАҒЫ ЖҰМБАҚ АПАТ
АҚШ-тың Флорида штатында жеке ұшақ апатқа ұшырап, тоғыз адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында америкалық кәсіпкер Адам Робинсон, оның жұбайы мен кәмелетке толмаған екі баласы бар, деп хабарлайды«Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қайғылы оқиға 1 қарашада Уэст-Палм-Бич қаласының маңында болған. Техас штатының Остин қаласынан Багам аралдарына бағыт алған Learjet 60 үлгісіндегі жеке ұшақ Гринэйкрс қаласына жақын жерде апатқа ұшырап, жарылған. Салдарынан борттағы тоғыз адамның барлығы көз жұмды.
Қаза тапқандардың арасында Адам Робинсонның төрт жастағы қызы Эмма мен екі жастағы ұлы Чарли, балалардың күтушісі Анита Мария Сетина және отбасының екі танысы Рэйчел Рид пен Чарми Фер болған. Сондай-ақ әуе кемесінің экипажындағы екі ұшқыш та қаза тапты.
Екінші ұшқыш 20 жастағы Наталия Гаделья Фильгейрас екені анықталды. Ол авиацияға бала кезінен қызығып, 17 жасында жеке ұшқыш лицензиясын алған. Кейін кәсіби дайындықтан өтіп, ұшу саласында жұмыс істеген. Апат кезінде оның 1300 сағатқа жуық ұшу тәжірибесі болған. Наталия жолаушылар ұшағын басқаруды армандаған. Ал әуе кемесінің командирі 55 жастағы Джефф Грегори болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, апат алдында экипаж әуе кемесінің мұз басып, қатты турбуленттілікке тап болғанын диспетчерге хабарлаған. Ұшқыштар биіктікке көтерілуге рұқсат сұрағанымен, көп ұзамай ұшақ жылдам төмендей бастаған. Экипаж апаттық сигнал беріп, әуе кемесінің жерге соғылу қаупі бар екенін ескерткен.
Оқиға орнында үлкен шұңқыр пайда болған. Алғашқы бейнежазбаларда ұшақтың қалдықтары анық байқалмайды. Осы көрініс әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызды. Қазіргі уақытта АҚШ-тың тиісті органдары апаттың себептерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Дереккөз: Ulysmedia.kz