Жетісулық қария әлеуметтік желіде танымал болды. 62 жастағы ер адам желіге бейнежазба жүктеп, онда өз ұлдарынан қорлық көргенін мәлімдеді — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғындары өз әкесін ұрып-соқты деп күдікке ілінді. Оқиға ауылдардың бірінде тіркелген. Қарияның айтуынша, оның төрт ұлы бар, соның екеуі өз отбасымен бірге әкесінің ауылында тұрады.
«Олар үнемі ақша талап етеді. Қыстың басында кезекті жанжалдан соң мені ауылдың шетіне апарып, ұрып-соғып, жыртылған киіммен, аяғымда тек үй шәркейімен тастап кетті. Әупірімдеп үйге жеткен соң бір айға жуық ауырып жаттым», — дейді ол.
2013 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған әке қазіргі таңда ауылдағы шағын шеберханада етікші болып жұмыс істейді. Ол ұлдарынан тек физикалық тұрғыда ғана емес, жұмыс орнында да зәбір көрген. Олар тәртіпсіздік жасап, құрал-саймандарын, ақшасын, телефоны мен құжаттарын тартып алған. Ер адам бірнеше рет полицияға шағымданғанымен, қысым тоқтамаған.
Қарияның сөзінше, бір жарым-екі жыл бұрын үшінші ұлы оны қорғап жүріп пышақ жарақатын алған, ал биыл ақпанда екі ұлы бетінен ұрып, қолын қайырған. Сонымен қатар құжаттары — паспорты мен жеке куәлігі ұлдарының бірінде қалған, оны қалпына келтіру үшін де полициядан көмек сұрап отырғанын мәлімдеді.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында 31 және 34 жастағы екі ұл кінәлі деп танылып, сот шешімімен қамауға алынған. Сондай-ақ оларға 3 ай мерзімге әкесіне жақындауға тыйым салу тәртібі белгіленген. Күдіктілер қазір профилактикалық есепке алынған.
Қарияның видеоүндеуі әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшілік Қазақстанда үлкенді, әсіресе ата-ананы құрметтеу дәстүрі қатаң сақталатынын жазған.