Астана қаласының соты Тотақановтар әулетіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2020–2024 жылдар аралығында ерлі-зайыпты әлеуметтік желілер мен жарнамалық платформалар арқылы баласының еміне қаражат жинаған. Осы кезеңде жиналған қаржы көлемі 1,3 млрд теңгеге жеткенімен, баланың нақты еміне бар болғаны 6,4–6,5 млн теңге ғана жұмсалған.
Қалған қаражат тұрғын үйлер мен автокөліктер сатып алуға, қымбат брендтік заттарға және құмар ойындарға бағытталғаны анықталды.
Сот шешімімен ерлі-зайыпты алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Әрқайсысы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, 10 жыл бойы қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, олардың мүлкі тәркіленді.
Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты әйел адамға қатысты жазаны өтеу мерзімі 2 жылға кейінге шегерілді.