ТАРАЗДА «ASPARA FASHION DAY 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТІП ЖАТЫР
Бүгін, 21 қарашада «Көне Тараз» этномәдени кешенінде Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Асыл-Дизайн» сән үйі ұйымдастырған «ASPARA FASHION DAY 2026 – Мұра коды» халықаралық іс-шарасы өтуде.
Бағдарлама аясында халықтық қолөнер көрмесі, концерттік бағдарлама, халықаралық форум және баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Басты мақсат – ұлттық мәдени мұраны заманауи сән арқылы насихаттау, отандық дизайнерлер мен халық өнері шеберлерінің шығармашылығын таныту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Көрмеге Жамбыл өңірінен 33 қолөнер шебері қатысып, ұлттық нақыштағы авторлық бұйымдарын ұсынды. Келушілер назарына дәстүрлі қолданбалы өнер туындылары, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген бұйымдар мен шеберлердің жеке жұмыстары қойылған.
Концерттік бағдарламада Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары мен өңірдің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетуде. Олар халық әндерін, термелер мен туған өлкені дәріптейтін эстрадалық шығармаларды орындауда.
Сонымен қатар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде халықаралық форум өтті. Онда ұлттық мұраны заманауи сән арқылы насихаттау, креативті индустрияны дамыту, дизайнерлер мен халық өнері шеберлері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Басқосуға жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет және туризм саласының өкілдері, тарихшылар, отандық және шетелдік дизайнерлер қатысты.
Форум барысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірде киіз басу, кілем тоқу және зергерлік өнер дәстүрлері сақталғанын атап өтті. Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова іс-шараларды Қазақстанның оқиғалар күнтізбесіне енгізу тәртібі мен олардың өңірлердің туристік әлеуетін арттырудағы маңызы туралы баяндады.
Биыл халықаралық шараға бес елден – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан 18 дизайнер қатысуда. Олар «Мұра коды» тақырыбында 21 авторлық топтаманы ұсынады. Сән көрсетілімінде ұлттық киім үлгілері, дәстүрлі ою-өрнектер мен тарихи-мәдени элементтердің заманауи үлгіде ұсынылған нұсқалары көрсетіледі.
Подиумда қазақстандық дизайнерлермен қатар шетелдік модельерлердің топтамалары да таныстырылады. Сонымен бірге Тараз қаласының қолөнершілері мен модельдік агенттіктерінің жұмыстары ұсынылады.
Бүгін сағат 17:00-де «Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме павильонында халықаралық сән көрсетілімі басталады.