21 қарашада Тараз қаласында халықаралық ASPARA FASHION DAY 2026 сән көрсетілімі өтеді. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын шараға алты елдің дизайнерлері қатысады,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Көрсетілімде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресейден келген сән шеберлері өздерінің авторлық топтамаларын ұсынады. Сондай-ақ ASPARA Модельдік өнер және бизнес колледжінің студенттері де кәсіби дизайнерлермен бірге сахнаға шығып, өз жұмыстарын таныстырады.
Биылғы сән апталығы «THE CODE OF HERITAGE» («Мұра коды») тақырыбына арналады. Негізгі мақсат – ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі өнерді заманауи сән үлгілері арқылы көрсету.
Шара бағдарламасында сән көрсетілімінен бөлек, мәдени мұра, дизайн және креативті индустрия тақырыптарын қамтитын халықаралық конференция, ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі және концерттік бағдарлама бар.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Таразда өтетін бұл басқосу Орталық Азия елдері арасындағы мәдени байланысты нығайтып, жас дизайнерлердің шығармашылығын дамытуға және ұлттық өнерді шетелге танытуға жол ашады.