Маңғыстау облысында теңізге кеткен 14 әскери қызметшінің қазасына қатысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі уақытқа дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілген. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Ведомствоның хабарлауынша, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін тергеу амалдары жалғасқан. Енді қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру көзделіп отыр.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің Маңғыстау облысына қарасты аумағында болған. Сол кезде Қазақстан Қарулы күштері «Хазар қорғаны – 2026» атты әскери оқу-жаттығу өткізіп жатқан. Оған 500-ден астам әскери қызметші қатысқан.
Жаттығудың үшінші күні теңіз жаяу әскерлері десант түсіру тапсырмасын орындаған. Алайда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейіп, теңізде толқын көтерілген. Соның салдарынан «Қайсар» катеріндегі 17 әскери қызметшіні су алып кеткен.
Алғашқы хабарламада Қорғаныс министрлігі теңізге 19 сарбаз кеткенін мәлімдеген еді. Кейін олардың нақты саны 17 екені анықталды. Іздестіру жұмыстары барысында үш әскери қызметші аман қалып, қалған 14-інің денесі табылды. Соңғы екі сарбаздың мәйіті 25 қыркүйекте таңғы сағат 09:15 шамасында анықталды.
Оқиғадан кейін Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарған Қанат Ниязбеков уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот оны қамауға алуға санкция берген.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында әскери оқу-жаттығуларды ұйымдастыру кезінде бірқатар кемшілік анықталғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, Маңғыстаудағы қайғылы жағдай әскери жаттығуларды жоспарлау мен өткізу барысында жүйелі мәселелер бар екенін көрсеткен.