Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында келесі жылды «Жалпыұлттық құрылыс» жылы деп жариялады. Мемлекет басшысы елдегі инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілетінін айтты, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Президенттің сөзінше, қоғам дамуының жаңа бағытын қалыптастырып, өскелең ұрпақтың болашағына жол ашу қажет. Оның айтуынша, цифрлық дәуірдің қиындықтары мен қауіп-қатерлеріне қарамастан, елдің негізгі мақсаты өзгермейді.
Тоқаев алдағы уақытта облыс орталықтарынан бастап аудандар мен елді мекендерге дейінгі аумақтарда әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу жұмыстарын қолға алу керегін атап өтті.
Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, медициналық мекемелер мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, өңірлерде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салу көзделген. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Мемлекет басшысы бұл бастамалардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын жеткізді. Конституцияда да азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде белгіленген. Негізгі мақсат – ел игілігін арттырып, келер ұрпаққа қолайлы жағдай жасау.