Қазақстанда Tansar Islamic Bank атты жаңа ислам банкі тіркелді. Қаржы ұйымының жарғылық капиталы 12 миллион долларды құрайды. Банк шариғат талаптарына сай қаржыландыру, ақша аудару, төлем жасау және валюта операцияларын жүргізуді жоспарлап отыр деп хабарлайды«Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жаңа банк 2026 жылғы 16 қазанда «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Оның жалғыз акционері — Tansar Group JSC. Бас директор қызметіне Рүстем Баймаханов тағайындалды. Ал директорлар кеңесінің құрамына Ержан Ағибаев, Нұркен Досмұхамбетов, Айдос Мұсатаев және Есжан Біртанов кірді.
Алайда тіркеуден өту банкке бірден жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қаржы ұйымы клиенттерге қызмет көрсету үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының реттеушісі AFSA-дан лицензия алуы қажет.
Ислам банктерінің дәстүрлі қаржы ұйымдарынан басты айырмашылығы — пайызбен несие бермеуі. Олар тауарды үстеме бағамен сату, мүлікті жалға беру немесе бірлескен инвестиция арқылы табыс табады. Мысалы, банк клиентке қажет тауарды сатып алып, оны келісілген үстеме бағамен сата алады. Мұндай операциялардың барлығы шариғат қағидаларына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Қазақстанда ислам банктерінің үлесі әзірге аз болғанымен, олардың активтері соңғы жылдары айтарлықтай өскен. 2025 жылдың үшінші тоқсанында ислам банктерінің активтері елдегі банк секторының жалпы активтерінің 0,4 пайызын құрады.
2026 жылғы тамызда олардың активтері 315,3 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2010 жылдың тамызында бұл көрсеткіш небәрі 9,6 миллиард теңге болған. Осылайша, 16 жыл ішінде ислам банктерінің активтері шамамен 33 есе артқан.