Салтанатты кештен түсірілген фото мен бейнежазбалар әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Жас жұбайлар тойға сән-салтанаты келіскен Rolls-Royce көлігімен келген. Дариға Бадықова ақ түсті, жарқыраған әшекейлермен безендірілген қалыңдық көйлегін кисе, Олжас Абай қара костюм мен ақ жейде таңдаған.
Тойға Ерке Есмахан мен RaiM, Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали, Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова, Гүлнұр Оразымбетова, Мөлдір Мұқанова, Ләйлә Сұлтанқызы және басқа да танымал өнер иелері қатысты.
Кеш барысында ән шырқалып, би биленіп, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Жас жұбайлар да қонақтармен бірге ортаға шығып, мерекелік көңіл күйге бөленді. Кештің көпшілік назарын аударған сәттерінің бірі – Олжас Абайдың сүйіктісіне арнап ән орындауы болды. Ал жас жұбайлар той залына өздеріне арнайы жазылған әннің сүйемелдеуімен кірген.
Әлеуметтік желі қолданушылары да қуанышты жаңалыққа бейжай қарамай, жұпқа ақ тілектерін арнады. Көпшілік олардың жарасымды жұп екенін айтып, бақытты ғұмыр тіледі.
Айта кетейік, Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың қарым-қатынасы бұған дейін де жұртшылық арасында қызу талқыланған еді. Былтыр күзде актрисаның бұрынғы күйеуі Дархан Мұсаев журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат беріп, ажырасу себептеріне қатысты пікір білдірген. Сондай-ақ ол Дариға мен Олжастың арасында әріптестік қарым-қатынастан бөлек сезім болғанын әуелден аңғарғанын айтқан.
Осы оқиғадан кейін Олжас Абай да әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ал Дариға Бадықова бұрынғы күйеуінің мәлімдемесіне жауап беріп, жағдайды бір тараптың сөзіне ғана сүйеніп бағалайтындарды сынға алған еді.