Тараз қаласындағы «Әулие-ата» әуежайы авиакеросинді нарықтағы бағадан жоғары сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәсіпорынға 3,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бұдан бөлек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әуежайдан монополияға қарсы заңнаманы бұзу нәтижесінде алынған 25,2 миллион теңге кірісті өндіріп алған.
Агенттік мәліметінше, әуежай жүргізілген тергеп-тексеру нәтижелерімен келіспей, шешімге бірінші және екінші сатыдағы соттарда дау айтқан. Алайда Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы тергеп-тексеру нәтижелерін заңды әрі негізді деп таныған.
Ал Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында өткен отырыста әуежай өз кінәсін мойындаған.