Бүгін, 3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақ тазысы мен төбеті күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Бұл туралы президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram-дағы парақшасында жазды, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, құмай тазы – қазақ халқының жеті қазынасының бірі. Тазы мен төбет ғасырлар бойы Ұлы даладағы көшпелі өмір салтымен бірге қалыптасып, ұлттық мәдениет пен ата-баба дәстүрінің ажырамас бөлігіне айналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақы ит тұқымдарын сақтап, көбейтуге және оларды шетелде танытуға ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылған.
Атап айтқанда, қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң күшіне енді. Қазақстан Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. Ал 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалып, Қазақстан оның шыққан жері ретінде ресми бекітілді.
Қазір қазақ тазылары әлемдегі ірі көрмелерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Асыл тұқымды иттерді көбейту жұмысы да қарқын алған. Сонымен қатар Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын.
Айбек Смадияров ұлттық мұраны дәріптеу мен ата-баба дәстүрін құрметтеудің маңызына тоқталды. Оның сөзінше, Қазақ тазысы мен төбеті күнінің белгіленуі төл мәдени мұраны әлемге танытуға мүмкіндік береді.