Қазақстанның ең қарт тұрғыны саналатын 116 жастағы Түймегүл Темірбаева Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімдігіне сілтеме жасап, «Dalamedia» ақпараттық порталы хабарлайды.
Түймегүл апа Ұлытау облысының Қызылжар ауылында тұрады. 1910 жылы дүниеге келген ол биыл 116 жасқа толған.
Ғасырдан астам ғұмыр кешкен Түймегүл Темірбаева өмірінің көп бөлігін отбасына және еңбекке арнаған. Жолдасы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы өсіріп, шаруашылықпен айналысқан. Бүгінде ол 15 немере мен 25 шөберенің ардақты әжесі.
Ұзақ жасауының сырын сұрағандарға Түймегүл апа адал еңбек, ізгі ниет пен жақындарға деген сүйіспеншілікті алға тартады. Ол әлі де үй шаруасына араласып, құрт жасап, қолынан келгенше шаруашылық жұмыстарын атқарады.
Сайлау учаскесіне келген ақ жаулықты ана ел болашағына қатысты ойын білдіріп, ұрпақтарына амандық, елге тыныштық тіледі.
«Ұрпағымыз аман-сау болсын, елімізде бейбітшілік болсын. Еліміздің болашағы жарқын болсын», – деді Түймегүл апа.
116 жастағы Түймегүл Темірбаеваның сайлауға қатысуы оның ел өміріне бейжай қарамайтынын көрсетіп, кейінгі ұрпаққа өнеге болды.