Елімізде күнбағыс алқаптарына суретке түсуге барғандар өсімдіктерді таптап, егістікке зиян келтіріп жатыр. Бұл туралы фотограф Дмитрий Бронников әлеуметтік желідегі парақшасында айтып, алқаптардың қазіргі жағдайын көрсетті, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Фотографтың сөзінше, енді ғана пісіп-жетілген күнбағыстардың арасына суретке түсуге келетіндер көбейген. Алайда әдемі кадр үшін алқапқа кірген адамдар өсімдіктерді басып, сындырып кетеді. Соның салдарынан өнімнің бір бөлігі жинауға жарамсыз болып қалуы мүмкін.
Дмитрий Бронников мұндай әрекетті түсінбейтінін айтып, фотосессия үшін тұтас алқапты бүлдірудің қажеті жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, кейбір медиаблогерлер түсірілімнен кейін ішіп-жеген тағамдарының қалдықтарын да жинамай кетеді. Бұл алқаптың тазалығына кері әсер етіп, сынған күнбағыстардың шіруіне әкеліп жатыр.
Фотограф бір ғана фото немесе видео үшін шаруалардың еңбегін бағаламауға болмайтынын айтып, егістікке жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін полиция күнбағыс алқаптарында суретке түсетін азаматтарға ескерту жасаған болатын. Алайда егістікті таптау жағдайлары әлі де кездесіп отыр.