Бүгін – Халықаралық жастар күні. 12 тамызда аталып өтетін бұл дата Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1999 жылы қабылдаған шешіммен белгіленген. Атаулы күн 2000 жылдан бері аталып келеді, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бұл күн – елдің қоғамдық өміріне белсенді араласып, түрлі салада өз жолын қалыптастырып келе жатқан өскелең буынға арналған. Бүгінде қазақстандық жас мамандар білім, ғылым, мәдениет, спорт және басқа да бағыттарда өз қабілетін танытып жүр.
Олар жаңа идея ұсынып, тың бастамалар көтеріп, қоғамдағы өзгерістерге белсенді араласуда. Бірі кәсіби білігін шыңдаса, енді бірі шығармашылыққа ден қойып, өз жобасын дамытуға ұмтылып келеді.
Қазіргі буынның тағы бір ерекшелігі – жаңашылдыққа бейімділігі. Цифрлық технологияны меңгеріп, жаңа білім алуға және заман талабына сай маман болуға талпыныс жоғары.
Сонымен бірге ел өміріне араласу тек кәсіби жетістікпен шектелмейді. Қоғамдық бастамаларға қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып жүрген азаматтар да бар.
Халықаралық жастар күні – осы буынның қоғамдағы орнын айқындап, оның бастамасы мен еңбегіне назар аударатын маңызды дата. Өйткені бүгінгі жас – елдің ертеңгі келбетін қалыптастыратын негізгі күштердің бірі.