Қазақстандық талапкерлерге тағы 2,4 мыңға жуық грант бөлінді
Қазақстандық талапкерлер үшін жоғары білім алуға тағы бір мүмкіндік берілді. 2026 жылы өңір әкімдіктері бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша қосымша 2 392 білім грантын бөлді. Грант конкурсына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды, - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Өңір әкімдіктері жыл сайын жергілікті еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға арналған білім гранттарын бөледі. Биыл да қосымша гранттар өңірлердің қажеттілігіне сәйкес әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша қарастырылған.
Грант саны, мамандықтар тізімі және құжат қабылдау мерзімі әр өңірде жеке белгіленеді. Сондықтан талапкерлер өз облысы немесе қаласы бойынша конкурс талаптарын алдын ала нақтылауы қажет.
Қосымша грант саны бойынша Астана қаласы көш бастап тұр. Мұнда 303 орын бөлінген. Шымкент қаласында – 285, Шығыс Қазақстан облысында – 270 грант қарастырылған.
Батыс Қазақстан облысына 211 грант бөлінсе, Абай және Түркістан облыстарында 200 орыннан белгіленген. Ақмола облысында – 199, Қарағанды облысында – 198, Атырау облысында – 187, Маңғыстау облысында 163 грант қарастырылған. Қалған өңірлерде орта есеппен 100-ге жуық қосымша грант бөлінген.
Мәселен, Астана қаласында құжаттар 5-10 тамыз аралығында грант орындары бөлінген жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады.
Айта кетейік, әкімдік гранттары республикалық негізгі конкурсқа кірмейді. Олар мемлекеттік білім беру гранттарына қосымша ретінде бөлінеді.
2026-2027 оқу жылына Қазақстан бойынша барлығы 89 457 мемлекеттік білім гранты қарастырылған. Оның 75 371-і бакалавриат бағдарламаларына арналған.
Талапкерлерге құжат тапсырар алдында өз өңіріндегі грант конкурсының талаптарын мұқият тексеру қажет. Себебі құжат қабылдау мерзімі мен ұсынылатын білім беру бағдарламалары өңірге қарай ерекшеленеді.
Еске салайық, 7 тамызда Қазақстандағы мемлекеттік білім беру гранттарының негізгі конкурсының нәтижелері жарияланды. Биыл 75 мыңнан астам талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.