Қазақстанда білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімін жариялады. Тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған талапкерлерді анықтау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдады, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Биыл гранттарды бөлу жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері, білім саласындағы кәсіподақ мүшелері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындары қауымдастығы және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген Республикалық конкурстық комиссия қатысты.
2026 жылы грант иегері атану үшін шамамен 127 мың талапкер бақ сынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға жуық адамға көп. Соған байланысты жоғары оқу орындарына тегін түсу бәсекесі де артқан.
Талапкерлер арасында ең көп сұранысқа ие болған бағыттар — инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, педагогикалық ғылымдар және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар. Ал ең жоғары бәсеке аударма ісі, дипломатия, құқықтану, психология және педагогика мамандықтарында байқалды.
Биыл бакалавриат бағдарламалары бойынша 75 мыңнан астам мемлекеттік білім гранты бөлінді. Оның 60 пайызы инженерлік бағыттарға, 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға, қалған 20 пайызы еңбек нарығында сұранысқа ие өзге салаларға бағытталған.
Министрлік мәліметінше, алдағы жылдары ел экономикасына 883 мыңнан астам маман қажет болады. Әсіресе инженерлерге, педагогтарға, IT және аграрлық сала өкілдеріне сұраныс жоғары болады.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау және студенттерді оқуға қабылдау 2026 жылғы 25 тамызға дейін жалғасады.
Мемлекеттік грантпен білім алған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін заңда көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кемінде үш жыл еңбек етуге міндетті. Министрліктің дерегінше, соңғы екі жылда «Қаржы орталығы» АҚ түлектерге осы талапты орындау бойынша 1 миллионнан астам хабарлама және 15 мыңға жуық жазбаша талап жіберген.
Қазіргі таңда соттарда 186 талап-арыз қаралып жатыр. Сонымен қатар 3406 шешім бойынша мемлекет қаржысы есебінен жұмсалған оқу шығындарын қайтару туралы үкім шығарылған.
Заңда белгіленген міндеттемелерді орындамаған және жеңілдік санатына жатпайтын азаматтар білім алуға жұмсалған қаражатты мемлекетке өтеуге тиіс.