Танымал блогер әрі актриса Айым Сейітметованың жұбайы Талғат Итаев жеке өміріне қатысты жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасында қыздарымен бірге түскен суретін жариялап, қандай жағдай болса да, балаларын ешқашан тастамайтынын жазды. Оның айтуынша, балалары әрдайым өміріндегі ең қымбат жандар болып қала береді.
Талғат Итаев көпшілікке сыртқы пікірге немесе әртүрлі болжамдарға сүйеніп, асығыс қорытынды жасамауға кеңес берді. Ол жағдайдың мән-жайын толық білмей тұрып, адам туралы жағымсыз пікір айтудың дұрыс емес екенін атап өтті.
Кәсіпкер бұл мәселені әзірге көпшілік алдында талқылағысы келмейтінін жеткізді. Оның пікірінше, мұндай отбасылық жағдайлар ең алдымен отбасы ішінде шешілуі керек.
Бұған дейін Айым Сейітметова жұбайымен ажырасуға шешім қабылдағанын мәлімдеген еді. Блогер әлеуметтік желідегі парақшасында Халыққа қызмет көрсету орталығына ажырасуға өтініш беру үшін барғанын көрсеткен.
Айым Сейітметованың сөзінше, мұндай шешімге келуіне жолдасының опасыздығы себеп болған. Ол ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен сыйластықтың маңызы туралы жазып, эмоционалды опасыздықтың қарым-қатынасқа ауыр әсер ететінін айтқан.