Алматыда әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильміне арналған баспасөз конференциясы өтті. Жобаға бас серіктес болған Kaspi.kz компаниясы шара барысында актерге Kaspi Gold картасын табыстады, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Картаны актерге Kaspi.kz-тің басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе табыс етті. Оның айтуынша, Джеки Чанның жаңа фильмінің түсіріліміне қолдау көрсету – компания үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ бұл жоба Қазақстанды әлемге жаңа қырынан танытуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Михаил Ломтадзе Джеки Чанның елімізбен бұрыннан таныс екенін, алайда Kaspi Gold арқылы Қазақстанның күнделікті өмірін жақынырақ сезініп, түсірілім кезінде өзін еркін сезіне алатынын жеткізді. Сонымен қатар ол жобаны жүзеге асырып жатқан Sәlem Entertainment пен Adal Investments компанияларына алғыс айтып, шығармашылық топқа сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Джеки Чан Қазақстанға қайта келгеніне қуанышты екенін айтып, Kaspi.kz, Sәlem Entertainment және фильмнің түсіріліміне атсалысып жатқан барлық командаға ризашылығын білдірді.
Актердің сөзінше, жаңа фильмнің түсірілімін асыға күтіп отыр. Ол бұл жұмыс үлкен жауапкершілік жүктегенімен, ерекше шабыт сыйлайтынын атап өтті.
«Құдайдың сауыты» – әлем бойынша бірнеше буын көрерменнің ықыласына бөленген шытырман оқиғалы фильмдер топтамасы. Жаңа картинада Джеки Чан сомдаған әйгілі кейіпкердің оқиғасы жалғасады.
Фильмнің түсірілімі Маңғыстау және Алматы облыстарында өтіп жатыр. Бұл орындарды актер Қазақстанға 2025 жылдың соңында жасаған сапары кезінде өзі таңдаған. Жобаның бастамашылары – Sәlem Entertainment пен Adal Investments. Ал фильмнің тұсаукесері 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған.