Атырауда бір отбасының қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысында сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиев жәбірленуші тараптың моральдық шығын ретінде талап еткен 70 миллион теңге өтемақысын мойындады, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Сотта Қарабалин мен Өтешқалиевтер отбасының атынан марқұм Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шілмағамбетова жәбірленуші ретінде танылып, өтемақы өндіру туралы талап қойған.
Сотталушы бұл талаппен келісетінін айтқанымен, сот шешімін орындауға жеткілікті қаржысы мен мүлкі жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда қолындағы бар байлығы – өмірі ғана.
Оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында белгілі болған. Сол кезде полицияға 66 жастағы Мақсот Қарабалин, 64 жастағы Насип Өтешқалиева және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстары отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтқан.
Осыдан кейін төрт адам да іздеуге жарияланып, аталған дерек бойынша соталды тергеу басталған. Жедел-тергеу тобы құрылып, іздеу жұмыстары жүргізілген.
2026 жылғы 6 қаңтарда тергеу барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиева жерленген күйде табылған. Осыдан кейін іс адам өлтіру фактісі бойынша қайта қаралған.
Тергеу барысында қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікке ілінген. Оған халықаралық іздеу жарияланған. Сонымен бірге марқұмдардың кенже қызы да іздеуге берілген.
Кейін күдікті Индонезия аумағында ұсталған. Тергеу мәліметінше, ол кінәсін мойындап, жауап берген. Оның көрсетпелері негізінде жүргізілген қосымша іздеу жұмыстарынан кейін Атыраудағы үй ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттері табылған.