Алматы қаласында мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қала әкімдігінің Білім басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта мемлекеттік білім беру ұйымдарында 29 735 оқушы орны жетіспейді.
Соңғы бес жылда Алматыдағы оқушылар саны 33 628 балаға артқан. Бұл жағдай халық санының өсуі мен ішкі көші-қон үдерістерінің күшеюімен байланысты.
Қазіргі таңда қала аумағында 360 мектеп жұмыс істейді. Онда 357 мыңнан астам оқушы білім алады. Соған қарамастан, оқушы орындарының тапшылығы сақталып отыр. Ең күрделі жағдай Алатау ауданында байқалады. Аталған ауданда 5 368 оқушы орны жетіспейді.
Мәселені шешу үшін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа білім беру нысандарының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 24 800 оқушы орнына арналған 14 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 7 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланған.