Ақтөбеде саркомадан қайтыс болған жігіттің анасы дәрігерлерді соттауды талап етті
Ақтөбеде саркома дертіне шалдыққан 18 жастағы Ярослав Горбуновтың өлімінен кейін оның ата-анасы дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы .
Марқұмның жақындарының айтуынша, Ярославтың болашаққа жоспары көп болған. Ол жеке мейрамхана ашуды армандап жүрген. Алайда өткен жылдың жазында аяғы ауырып, ақсап жүре бастағаннан кейін жағдайы күрт өзгерген.
Отбасының сөзінше, дәрігерлер ұзақ уақыт бойы оның нақты диагнозын қоя алмаған. Алғашында жас жігітке артроз деген диагноз қойылып, массаж бен қыздыру емдері тағайындалған. Кейін мұндай емнің саркома кезінде мүлде қолданылмайтыны белгілі болған. Туыстары кейбір мамандардың Ярославты «әскерден қашып жүр» деген күмәнмен қабылдағанын да айтады.
Тек флюорографиядан кейін өкпедегі өзгерістер анықталып, қосымша тексерулер жүргізілген. Соның нәтижесінде саркома диагнозы расталған. Бірақ ол кезде қатерлі ісік бүкіл денеге тарап кеткен еді.
Ярославтың анасы Светлана Горбунованың айтуынша, Астанадағы дәрігерлер ұлының жағдайы тым ауыр екенін бірден айтқан.
«Дерт бас миынан басқа бүкіл ағзаға жайылып кеткенін түсіндірді», — дейді ол.
Соған қарамастан отбасы емді тоқтатпаған. Ярослав елордада сегіз курс химиотерапия алып, он рет сәулелік терапиядан өткен. Бірақ ем нәтиже бермеген.
Жас жігіт 28 сәуір күні көз жұмды. Енді анасы дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға берілуін талап етіп отыр. Оның айтуынша, отбасы бірнеше рет емханаға жүгінгенімен, нақты диагноз тым кеш қойылған.
«Қолымда өз қаламызда жасалған сегіз МРТ мен КТ қорытындысы бар. Соның бәрі дұрыс оқылмаған», — дейді Светлана Горбунова.
Оның сөзінше, бір кезеңде ұлына «эхинококкоз» деген диагноз да қойылған. Кейін Астанадағы мамандар мұндай болжамға таң қалған.
Дәрігерлер саркоманың 20 жасқа дейінгі адамдар арасында өте сирек кездесетінін айтады. Мамандардың мәліметінше, мұндай дерт шамамен миллион адамның біреуінде ғана анықталады. Сондықтан оны ерте кезеңде анықтау қиынға соғады.
Марат Оспанов атындағы медициналық орталық жүргізілген тексеруден кейін учаскелік дәрігер мен травматолог тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
Медициналық орталық директоры Олжас Уразаевтың айтуынша, тексеру нәтижесінде бірқатар қызметкерге тәртіптік шара қолданылған.
Алайда марқұмның туыстары мұнымен келіспейді. Светлана Горбунова прокуратураға арыз жазып, қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр.
19 мамыр күні Ярослав 19 жасқа толуы тиіс еді. Бірақ отбасы туған күннің орнына ас беруге дайындалып жатыр. Анасының айтуынша, ол мұндай жағдай басқа отбасылардың басына түспеуі үшін күресін тоқтатпайды.