Атырауда «ҚТЖ» магистральдық желі филиалы ғимаратының маңында кәсіпкерлер мен блогерлердің келуінен кейін түсініксіз жағдай туындап, тараптар арасында келіспеушілік пайда болды, ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Кәсіпкерлер мен блогерлер филиал басшысы Аралбай Қосымбаевтың жеке қабылдауына кірмек болған сәтте тосын жағдайға кезіккенін айтады. Олардың сөзінше, белгісіз бір ер адам қабылдау бөлмесіне кіруге рұқсат бермей, басшының телефон арқылы сөйлесіп жатқанын алға тартқан.
Алайда келушілердің айтуынша, біраз уақыттан кейін кабинет бос болып шыққан. Бұл жағдай олардың күдігін күшейткен.
Блогерлердің назарын әсіресе кабинет ішіндегі шкаф аударған. Олардың пайымынша, оның артында жасырын есік немесе қосымша бөлме болуы мүмкін. Кейбірі қабырғаның ар жағынан белгісіз дыбыстар естілгенін де айтып, бұл жағдайға қатысты түрлі жорамалдар жасаған.
Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті. Желі қолданушыларының бір бөлігі мұны жай ғана техникалық ерекшелік десе, енді бірі «жасырын бөлме болуы мүмкін» деген пікір білдіруде.
Кәсіпкерлер болса, мемлекеттік мекемелердегі мұндай жағдайларға нақты түсінік беріліп, қызметкерлердің әрекетіне тиісті тексеру жүргізілуі қажет екенін алға тартуда.