Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған дәрі-дәрмек бағасының 52–66 пайызға дейін күрт қымбаттағаны туралы мәліметті жоққа шығарды. Ведомство мұндай ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Министрліктің түсіндіруінше, елде дәрілік заттардың бағасын негізсіз өсірмеу үшін шекті баға жүйесі енгізілген. Қазіргі таңда бөлшек саудада сатылатын 4994 дәрі атауына баға шегі белгіленген. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жолдары, инфекциялық және басқа да кең таралған ауруларға арналған препараттар бар. Фармацевтикалық нарықтағы сатушылар бекітілген шектен жоғары баға қоя алмайды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің 20 өңірде жүргізген мониторингінің нәтижесінде 2026 жылдың наурыз айында 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 631 дәрі түрінің бағасы орта есеппен 24,6 пайызға төмендегені анықталған. Реттелетін дәрілердің жартысынан астамы бұрынғы деңгейін сақтаса, олардың 25 пайызы арзандаған.
Сонымен қатар, 1707 рецептісіз сатылатын дәрі-дәрмек мемлекеттік реттеуге жатпайды және нарық қағидасымен саудаланады. Бұл санаттағы кейбір препараттардың бағасы 5–15 пайыз аралығында өзгерсе, кейбірінің керісінше 11 пайызға дейін арзандағаны байқалған.
Мысал ретінде, парацетамолдың 20 таблеткасы 2025 жылы 200 теңге болса, 2026 жылы 188 теңгеге түсіп, 6 пайызға арзандаған. Ал белсендірілген көмір 130 теңгеден 144 теңгеге дейін көтеріліп, 9 пайызға қымбаттаған.
Министрлік бұдан бөлек, тіркелген дәрілік заттардың 3000-нан астамы қосылған құн салығынан босатылғанын атап өтті. Олардың ішінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілер де бар.