Елімізде 5 мыңға жуық дәрінің бағасы арзандап, қолжетімді болды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс емделушілердің шығынын азайтып, негізсіз баға өсімін шектеу мақсатында енгізілген. Осыған байланысты дәрілік заттарға шекті баға белгіленген.
Нәтижесінде шамамен 5 мың дәрінің құны төмендеген. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі, инфекциялық және өзге де кең таралған ауруларға арналған препараттар бар.
Қазіргі таңда 4 994 дәрі атауына нақты шекті баға бекітілген. Енді дәріханалар бұл дәрілерді белгіленген межеден қымбатқа сата алмайды.
Сонымен қатар, 1 707 рецептісіз берілетін дәрі мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарық заңына сай сатылады. 2025 жылдың маусымы мен 2026 жылдың наурызы аралығында 631 дәрінің бағасы орта есеппен 24,6 пайызға төмендеген.
Атап айтқанда, бірқатар препараттар едәуір арзандаған. Мысалы, «Пренесса» — 18,3 пайызға, «Сиалис» — 16,5 пайызға, «Тамифлю» — 14,5 пайызға, «Периндоприл-Тева» — 24,3 пайызға, ал «Энтекавир Вива Фарм» — 20 пайызға дейін төмендеген.
Министрлік бағаға бақылау тұрақты жүргізілетінін атап өтті. Егер дәріханалар белгіленген шекті бағадан асырып сатса, заң аясында жауапкершілікке тартылады.
Азаматтар күмәнді жағдайларға тап болса, DariKZ мобильді қосымшасы арқылы немесе Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік бөлімшелеріне хабарласа алады.