Жүргізушілерге жаңа баллдық жүйе енгізілді
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жол қозғалысы ережелерін бұзуды есепке алудың баллдық жүйесі сынақ ретінде енгізіле бастады,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, жаңа тәртіп бойынша жүргізушінің бір жыл ішінде жинаған баллы 20-ға жетсе, оның көлік басқару құқығы жарты жылға тоқтатылады. Құқықбұзушылықтың жүйелілігі дәл осы бір жылдық мерзім ішінде есептеледі.
Егер жүргізуші 20 балл жинаса, ол алты ай бойы рөлге отыру құқығынан айырылады. Бұл шектеу тек тиісті заңдық рәсімдер күшіне енгеннен кейін есепке алынады. Сонымен қатар, азаматтарға бұл шешімге шағымдану мүмкіндігі де беріледі.
Көлік жүргізу құқығы тоқтатылғаннан кейін оны қайта алу үшін жүргізуші жол қозғалысы ережелері бойынша емтихан тапсыруы қажет.
Жаңа жүйе тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушыларға да қатысты. Егер олар 20 балл жинаса, жарты жыл бойы жүргізуші куәлігін алу құқығынан айырылады.
Үкімет пилоттық жоба нәтижесіне қарай жүйелі бұзушыларға қосымша психологиялық бағалау енгізу мүмкіндігін де қарастырып отыр.
Сонымен қатар, елімізде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кеңейтілуде. Қазір мұндай бақылау шамамен 2,1 мың шақырым жолда орнатылған. Алдағы уақытта тағы 1,5 мың шақырымға жуық жаңа учаскеде енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа тізімге «Қызылорда – Арал», «Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Орынбор», «Балқаш – Бұрылбайтал», Таразды айналып өту жолы және басқа да бағыттар кіреді.
Сенаторлар тарапынан бұған дейін айыппұлға жеңілдік беру сияқты ынталандыру тетіктері ұсынылғанымен, премьер-министрдің айтуынша, мұндай тәжірибе жол-көлік оқиғаларын азайтуға нақты әсер етпейді. Оның пікірінше, жол ережесін сақтау – әр жүргізушінің тікелей міндеті.
Сонымен бірге, ол сақтандыру жүйесі арқылы тәртіпті жүргізушілерге жеңілдік беріліп, ал ереже бұзғандарға керісінше тарифтің қымбаттайтынын да еске салды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, баллдық жүйе Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура тарапынан әзірленіп, қазіргі таңда үш ірі қалада сынақ режимінде іске асырылып жатыр.