Енді Қазақстанда ірі несиелерді алу кезінде алақан ізі талап етіледі
Қазақстанда қаржы ұйымдарындағы биометриялық сәйкестендіру тәртібі жаңартылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк жаңа ережелерді бекітіп, цифрлық тексеру жүйесін кеңейтті, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жаңа талаптарға сәйкес, банктер, микроқаржы ұйымдары және төлем қызметтері клиенттерді сәйкестендіру кезінде арнайы орталық арқылы міндетті тексеруден өтеді. Бұған дейін қолданылған бет-әлпетті тану жүйесіне енді алақан ізі де қосылады.
Клиенттердің фотосуреттері Ұлттық биометриялық аутентификация жүйесіне автоматты түрде енгізіледі. Ал жаңа ереже 2026 жылдың 12 шілдесінен бастап барлық қаржы ұйымдары үшін міндетті болады.
Банктер бұл жүйені қашықтан шот ашу, электронды қолтаңба беру, жоғары лимиттегі несиелер рәсімдеу, клиентті тіркеу және деректерді жаңарту сияқты қызметтерде қолданады. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары да белгіленген шектен асатын микронесиелер кезінде орталықтандырылған жүйеге жүгінуге міндеттеледі.
Тексеру процесі екі жолмен жүзеге асады. Біріншісі — бет-әлпетті тану арқылы онлайн тексеру. Жүйе адамның тірі екенін растау үшін бірнеше әрекет сұрайды. Үш рет сәтсіз болған жағдайда тексеру орындалмаған болып есептеледі.
Екінші тәсіл — алақан ізі арқылы сәйкестендіру, ол тек офлайн режимде қолданылады. Бұл әдісте арнайы сканер қолдың құрылымын, жылуын және қан тамырларын тексереді.
Барлық деректер қорғалған арналар арқылы өңделіп, нәтижелері құжат түрінде тіркеледі. Сонымен қатар клиенттің келісімі бес жыл бойы сақталады, ал банктер биометриялық деректер мен жазбаларды да осы мерзім аралығында сақтауға міндетті.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін балама тексеру тәсілдері қарастырылған. Егер жүйе сәйкестікті 95 пайыз және одан жоғары деңгейде растаған жағдайда, деректер ұлттық биометриялық базаға енгізіледі.
Қаржы ұйымдары биометриялық ақпаратты жинау мен сақтау үдерісін қатаң бақылауда ұстап, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеледі.