Бос жұмыс орындары көбейген
Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 102,6 мың бос жұмыс орнын жариялап, ал жұмыс іздеушілер 107,1 мың түйіндеме қалдырған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі вакансиялар мен сұранысқа қатысты мәліметтерді жариялады — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жыл басынан бері аталмыш платформада 304,3 мың вакансия және азаматтардың 394,4 мың түйіндемесі жүктелген. Ақпан айымен салыстырғанда наурыз айында бос жұмыс орындары 3,7 пайызға көбейсе, керісінше түйіндемелер саны 14,3 пайызға азайған. Қаңтарда жұмыс іздеушілер саны бос орындармен салыстырғанда шамамен 60 мыңға артық болса, ақпанда көрсеткіш 26 мыңға дейін азайған.
Білім беру саласында 22,6 мың бос орын бар. Ал кейін қызмет көрсету бағытында 21,2 мың, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсетуде 8,7 мың, сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында 7,9 мың вакансия тіркелген. Бұл — ең жоғары көрсеткіштер, — деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Ал өңірлер бойынша деректерге сүйенсек, Түркістанда 7,7 мың, Қарағанды облысында 7,6 мың, Астана қаласы мен Павлодар облысында 7,2 мың, Атырау облысында 6,5 мың бос орын тіркеліпті.
Мәліметтерге жүгінсек, жұмыс берушілердің көбі орта біліктіліктегі мамандарды іздейді. Олардың үлесі 40 пайызды құрайды. Төмен білікті жұмыс орындары 31 пайызды, ал жоғары білікті кадрларға сұраныс 29 пайыз деңгейінде.
Жұмыс іздеушілердің басым көпшілігі — 35 жасқа дейінгілер. Олардың үлесі 42 пайыз. Ал 35-44 жас аралығындағылар 26 пайызды, 45-54 жас аралығындағылар 20 пайызды құрайды. Сонымен бірге 55 жастан асқандардың үлесі — 12 пайыз. Гендерлік жағынан әйелдер — 54 пайыз, ерлер — 46 пайызды құрап отыр, — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Наурыз айында ең жоғары жалақы ұсынылған қызметтердің қатарында жалақысы шамамен 1,4 млн теңгені құрайтын заң бөлімі басшысының орынбасары, 1,38 млн теңге табыс табатын бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы және 1,14 млн теңге еңбекақысы бар өндіріс басшысы бар.