30 шілдеде Жапонияның Kiryu FM радиостанциясы Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған Music Forever бағдарламасының арнайы шығарылымын эфирге шығарады. Бағдарламаның басты ерекшелігі – әншінің «Aqerke» атты жаңа туындысының жапон радиосында алғаш рет шырқалуы, деп хабарлайды Dalamedia ақпараттық порталы.
Димаштың шығармашылығын Kiryu FM радиосы 2020 жылдан бері тұрақты түрде насихаттап келеді. Осы уақыт аралығында өнерпаздың жаңа әндері эфирден беріліп, оған бірнеше мәрте арнайы бағдарламалар арналған. Бұл жолғы Dimash Special шығарылымы Dimash Japan Fan Club өкілдерінің қатысуымен дайындалған.

Эфир барысында тыңдармандар жаңа «Aqerke» әнімен қатар Love's Not Over Yet, Kieli Meken, Love of Tired Swans, Daididau, Omir және Olimpico композицияларын тыңдай алады.
Бағдарлама Гумма префектурасындағы Кирю қаласынан тікелей эфирге шығады. Жүргізушілері – Кадзудзи Като мен Кёко Ямамото. Music Forever бағдарламасы ай сайын бірінші және үшінші бейсенбі күндері Жапония уақыты бойынша сағат 19:06-19:59 аралығында эфирге шығады. Ал қайталау көрсетілімі келесі күні 11:06-да ұсынылады.