Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен кейін сегіз күн бойы үйінді астында қалған ер адам тірі табылды, деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
43 жастағы Эрнан Альберто Хиль Флорес жағалаудағы Ла-Гуайра қаласындағы Galerias Playa Grande сауда орталығының жертөлесінен құтқарылған. Ол 24 маусымнан бері үйінді астында жатқан.
Белгілі болғандай, ер адам сауда орталығында күзетші болып жұмыс істеген. Жер сілкінісі болған сәтте ол кезекшілікте отырған. Күзет бекетінің бір бөлігі құлаған бетоннан қалқалап, ішінде ауа кіретін бос кеңістік қалыптасқан. Соның арқасында ол сегіз күн бойы аман қалған.
Еске салайық, 24 маусымда Венесуэлада арасына бір минут салып екі күшті жер сілкінісі тіркелген. Алғашқысының магнитудасы 7,1 болса, артынша 7,5 магнитудалы екінші жер сілкінісі болған.
Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан 2295 адам қаза тауып, 11 267 адам түрлі жарақат алған. Сонымен қатар жүздеген тұрғын үй қирап, ауруханалар мен басқа да инфрақұрылым нысандары бүлінген. Елдің басты әуежайы да уақытша жұмысын тоқтатқан.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар мен зардап шеккендерге байланысты Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдаған.