Ұлыбританиядағы Англси аралының жағалауынан дауылдан кейін белгісіз жануардың өлексесі табылды, – деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап. Мамандар мен жергілікті тұрғындар табылған өлексенің нақты қай жануарға тиесілі екенін анықтай алмай отыр.
Куәгерлердің айтуынша, жануардың төрт аяғы болған және тұяқтары анық байқалады. Денесінің бір бөлігі жүнмен жабылғанымен, ұзақ уақыт теңізде жатқандықтан қатты шіріп кеткен. Осы себепті оның түрін дәл ажырату қиынға соғып отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі болжам айтып, оны бұғы, сиыр, лама немесе альпака болуы мүмкін деген пікірлер жазған. Ал жылқы деген нұсқа жоққа шығарылды, себебі табылған жануар айыр тұяқты екені анықталған.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай белгісіз қалдықтар теңіз толқыны мен дауылдан кейін жиі жағаға шығып қалуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Шотландия жағалауында демогоргонға ұқсас теңіз тіршілігінің қалдықтары табылған. Кейін оның сирек кездесетін Haliphron atlanticus сегізаяғы екені анықталған. Бұл жағдай да мамандарды таңғалдырған.