Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізуге қатысты жарлыққа қол қойды, ,-деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы. Құжат елдегі мектептердің цифрлық мүмкіндігін күшейтіп, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Ақорда мәліметінше, бұл бастама жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде елдің білім беру саласын заман талабына сай бейімдеуді көздейді. Сонымен қатар, адами капиталды дамытуға серпін беретін инновациялық орта қалыптастыру да негізгі мақсаттың бірі саналады.
Жарлыққа сәйкес, Үкімет 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекітуі керек. Онда дербес оқыту жүйесін дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, мұғалімдерді даярлау және оқушылардың жеке деректерін қорғау мәселелері қамтылады.
Сондай-ақ қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту үшін 2026 жылдың 1 маусымына дейін пилоттық жоба іске қосылады. Кейін бұл тәжірибені кеңейтуге қатысты нақты ұсыныстар әзірленуі тиіс.
Ал 2026 жылдың 1 тамызына дейін пилоттық жоба аясындағы мектептер техникалық тұрғыдан жабдықталып, жоғары жылдамдықтағы тұрақты интернетпен қамтамасыз етіледі.
Құжатта 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану стандарттарын бекіту де қарастырылған. Бұдан бөлек, мұғалімдердің жұмысын алмастырмай, керісінше олардың қызметін жеңілдететін қосымша құрал ретінде жасанды интеллектіні пайдалануға арналған арнайы шаралар жоспары қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы IT саласын дамыту және жасанды интеллект технологияларын түрлі бағытқа енгізу қажеттігін бірнеше рет айтқан еді.