Орал қаласында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Серғалиев ұсталды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бауыржан Ахметжан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр.
Ахметжанның жазуынша, университет қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес, Нұрлан Серғалиев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған. Сондай-ақ оқу орнындағы оның жұмыс кабинетінде тінту жүргізіліп жатқаны айтылды.
Қазіргі уақытта университетте тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұл іске қатысты қосымша ақпараттың кейінірек жарияланатыны хабарланды. Оқиғаға байланысты уәкілетті мемлекеттік органдардан ресми түсініктеме сұратылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева да бюджет қаражатын жымқыру күдігімен ұсталған болатын. Ол бұл қызметті 2023 жылдан бері атқарған. Оның ұсталғанын Қостанай облысының прокуратурасы растады. Ведомствоның мәліметінше, Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қалалық білім бөлімі лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер өзге тұлғалармен сөз байласып, мектептерге бөлінген бюджет қаражатын жымқырған болуы мүмкін.