Қазақстан армиясы соңғы жылдары әскери техниканы жаңғыртуға басымдық беріп келеді. Қарулы күштер қатарында кеңестік кезеңнен қалған техникалармен бірге заманауи үлгілер де бар, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қорғаныс саласындағы негізгі жауынгерлік техникалардың бірі — Т-72 танкі. Бұл танктер еліміздегі кәсіпорындарда жаңғыртудан өтіп, байланыс және басқару жүйелері күшейтілген. Қазір ол Құрлық әскерлерінің негізгі соққы беруші техникасы саналады.
Әскер құрамында сондай-ақ БМП-2, БТР-80 және БТР-82А секілді техникалар қолданылады. Олар шөлейт және таулы аймақтарда қозғалып, түрлі ұрыс жағдайында әрекет етуге бейімделген.
Артиллерия бағытында Қазақстан армиясында 9К58 «Смерч» жүйесі бар. Бұл қару бір мезетте үлкен аумақты дәл соққымен қамтуға мүмкіндік береді. Мамандардың мәліметінше, бір залп шамамен 67 гектар жерді атқылай алады.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласында С-300ПС, Бук-М2Э және Тор-М2К сияқты кешендер пайдаланылып келеді. Олар ұшақтар мен тікұшақтарды, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтап, жоюға арналған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, соңғы 30 жылда Қазақстан армиясы 4 мыңнан астам заманауи қару-жарақ және әскери техника түрімен толыққан. Қазір ескі техникаларды жаңарту мен жаңа үлгілерді кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.