Алматыда 2027 жылдан бастап көлік иелері мен жеке секторға қойылатын экологиялық талаптар қатаңдатылады. Осы уақыттан бастап атмосфералық ауаны қорғау қағидалары толық күшіне еніп, зиянды шығарындыларды азайтуға бағытталған шаралар кезең-кезеңімен енгізіледі, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Жаңа талаптарға сай автокөліктерге катализатор орнату міндеттеліп, шығарындылар нормасы қатаң бақыланады. Ал өндіріс орындарына сүзгілер орнату, шаңды азайту технологияларын енгізу және экологиялық таза отынға көшу талабы қойылады. Газ тартылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады.
Қалада арнайы экологиялық аймақ та белгіленіп жатыр. Жоба әзірге сынақ режимінде жұмыс істейді, бұл кезеңде жүргізушілерге ешқандай шектеу немесе айыппұл қарастырылмаған.
Тестілеу 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Бұған дейін билік өкілдері экологиялық класы төмен, әсіресе Euro-5-тен төмен көліктердің қала орталығына кіруін шектеу мүмкін екенін айтқан.