NASA алдағы жылдары Айда тұрақты база салуды көздейтін ауқымды жоспарын таныстырды - деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Агенттіктің мәліметінше, олар алдағы жылдары адамды Айға қайта жеткізіп, кезең-кезеңімен тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар Artemis бағдарламасы аясында жүзеге асады.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылдан бастап Айға тұрақты түрде арнайы тапсырмамен адамдар жіберіліп, кейін қону жиілігі арта түспек. Алдағы кезеңде NASA бір реттік сапарлардан бас тартып, ұзақ мерзімді қамтамасыз ететін жүйеге көшуді көздеп отыр.
Айдағы базаны құру үш кезеңмен жүзеге асады. Алдымен зерттеу мен сынақ жұмыстары жүргізіледі. Кейін бастапқы инфрақұрылым жасақталып, соңында адамның ұзақ уақыт өмір сүруіне мүмкіндік беретін толыққанды база салу жоспарланған.
Сонымен қатар, агенттік халықаралық серіктестермен бірлесіп жұмыс істеп, жаңа технологияларды енгізуге басымдық бермек.