Кәмшат Жолдыбаева әйелдер жамағатын құрмақшы
KeshYou тобының бұрынғы мүшесі, әнші Кәмшат Жолдыбаева әйелдерден құралған жамағат құру ниеті бар екенін мәлімдеді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Әншінің айтуынша, болашақ топқа қосылатын қыз-келіншектерді өзі іріктеп алмақ. Жоспар бойынша, бір ай көлемінде бірнеше рет кездесулер өтіп, әйелдерге арналған орта қалыптастыру көзделіп отыр.
«Қыз-келіншектерді іріктеп алып, бір ай шамасында бірнеше рет кездесіп, әдемі әйел жамағатын құрғым келеді. Ол жерде тәніміздің, табиғатымыздың сұлулығын ашатын әңгімелер айтылады. Мүмкін, топтық консультация форматында өтетін болар. Кейін тыныс алу, созылу, би сияқты практикалармен жалғасатын кездесулер өткізгім келеді. Қазірше бұл – ниет қана. Осы бастама туралы сіздер не ойлайсыздар?» – деп жазды Кәмшат Жолдыбаева.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жазбаға әртүрлі пікір қалдыруда. Көпшілігі бастаманы қолдап, әйелдер үшін пайдалы әрі шабыт сыйлайтын жоба болуы мүмкін екенін атап өткен.
Сонымен қатар «жамағат» сөзінің қолданылуына қатысты сын айтқандар да бар. Кейбір желі қолданушылары бұл атаудың орынсыз екенін жазса, енді бірі әншінің негізгі қызметі өнерде болуы керек деген пікір білдірген.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі блогер Кәмшат Жолдыбаеваны сынға алғаны туралы да ақпарат тараған болатын.