Қарағанды облысында «Кең Дала 2» бағдарламасы аясында алынған 300 миллион теңге несиеге байланысты қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның филиалы «Рашан» ЖШС-не айналым қаражатын толықтыру үшін 300 миллион теңге несие берген. Қарыздың қайтарылуына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік берген.
Келісім талаптарына сәйкес, қаражат компанияның есепшотына аударылған. Кейін жүргізілген тергеу барысында несиенің белгіленген мақсатқа жұмсалмағаны анықталған.
Ақпаратқа сәйкес, ақша егіс науқанына қажетті шығындарды өтеу үшін екі ЖШС-не аударылған. Оның 148 миллион теңгеге жуығы тұқым сатып алуға, тағы 152 миллион теңгесі ауыл шаруашылығы техникасын жалға алуға, жанар-жағармай алуға және жұмысшылардың еңбекақысын төлеуге бағытталған.
Алайда іс жүзінде тұқым сатып алынбаған, техника жалға алынбаған. Сондай-ақ көрсетілген жер телімдеріне егін егілмеген.
Осы дерек бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Қазір «Рашан» ЖШС директоры күдікті деп танылып, сот санкциясымен оның мүлкіне тыйым салынған.
Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.