Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифін көлік жүктемесіне қарай саралау ұсынылды. Жоба қалалық мәслихаттың сессиясында таныстырылды, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық автотұрақтардағы қазіргі тариф сағатына 100 теңге көлемінде және бұл баға 2016 жылдан бері өзгермеген. Осы уақыт ішінде қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, жол инфрақұрылымына түсетін салмақ артқан.
Әкімдік бірыңғай тарифтің, әсіресе қала орталығында, автотұрақ орындарының тиімді айналымын қамтамасыз етуге жеткіліксіз екенін атап өтті. Соның салдарынан жүргізушілер бос орын іздеп, көлікпен қосымша жүруге мәжбүр болады.
Осыған байланысты тарифті аумақтағы көлік қозғалысының қарқындылығы мен оның функционалдық ерекшелігіне қарай белгілеу ұсынылып отыр. Жобаға сәйкес, көлік жүктемесі төмен учаскелерде тариф бұрынғыдай сағатына 100 теңге болады. Орташа жүктемелі аумақтарда баға 150 теңгеге, ал көлік қозғалысы жоғары әрі автотұрақ орындары тапшы жерлерде 200 теңгеге дейін көтеріледі.
Бұл ретте тұрғындарға берілетін жеңілдіктер сақталады. Ақылы автотұрақ аймағында тұратын тұрғын үй иелері арнайы рұқсат рәсімдеу арқылы үйлеріне жақын орналасқан автотұрақтарды тегін пайдалана алады.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, сараланған тариф жүйесі автотұрақ орындарын тиімді пайдалануға бағытталған. Ұсыныс іске асқан жағдайда екінші қатарға көлік қоюды азайтып, жүргізушілердің бос орын іздеуге жұмсайтын уақытын қысқарту және қала орталығындағы көлік жүктемесін төмендету көзделіп отыр.