Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыратын төрт туроператорды анықтады. Конкурс қорытындысында «Атлас Туризм», «Нұрхан Тревел», «Тауаф Тревел» және «Хикмет Тревел» компаниялары іріктеуден өтті, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Туроператорларды арнайы комиссия таңдаған. Үміткерлердің қажылық пен ұмра сапарларын ұйымдастыру тәжірибесі, қызмет көрсету көрсеткіштері, туркодтары мен лицензиялары тексерілді. Сонымен қатар компаниялардың қажылық сапарын ұйымдастыру мүмкіндігі және Сауд Арабиясының талаптарына сәйкестігі ескерілді.
Іріктеу балдық жүйе арқылы жүргізіліп, қажылық орындары төрт компания арасында бөлінді.
Конкурстан өтпеген туроператорлар қажылық сапарын өз бетінше ұйымдастыра алмайды. Алайда олар іріктеуден өткен төрт компанияның бірімен келісім жасап, субагент ретінде қажыларға қызмет көрсете алады.
Осылайша, 2027 жылғы қажылық сапарына қазақстандықтарды аталған төрт туроператор ғана тікелей ұйымдастыра алады.