Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мас күйінде көлік басқарған азаматтарға қатысты жазаны жеңілдету мәселесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарға рақымшылық немесе жеңілдік жасауға негіз жоқ, — деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Министрдің сөзінше, мас күйінде рөлге отырғандарға жазаны жеңілдету олардың жауапкершілігін төмендетіп, мұндай әрекеттерге жол берумен тең. Сондықтан қоғамда мас күйінде көлік жүргізуге деген мүлдем төзбеушілік көзқарас қалыптастыру маңызды.
Ержан Сәденов жүргізуші үшін көлік тізгініне тек сергек күйде отыру өзгермейтін қағидаға айналуы тиіс екенін айтты. Оның мәліметінше, жыл басынан бері мас жүргізушілердің қатысуымен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Министр әрбір жол апатының артында адам тағдыры тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай оқиғалар көптеген отбасының өмірін өзгертіп, орны толмас қайғыға әкеледі.
Сондай-ақ ол шетелдік тәжірибеге де тоқталды. Мәселен, Қытайда мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне себеп болғандарға өте қатаң жаза қолданылады. Ал АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай құқық бұзушылық жасаған азаматтарды жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру тәжірибесі бар.
«Адам өміріне қауіп төндіретін кез келген әрекеттің алдын алуымыз керек», – деді Ішкі істер министрі.