Екібастұзда көпқабатты үйдің терезесінде отырған екі жасар баланы аман алып қалған ер адамға құрмет көрсетілді, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Оқиға кезінде бала ашық тұрған терезе жақтауында отырған. Кез келген сәтте төменге құлап кету қаупі болған. Сол маңда немерелерімен серуендеп жүрген 59 жастағы Тоқан Байділдин жағдайды байқап қалады. Оның айтуынша, сәби терезеден ойыншықтарын лақтырып отырған.
Көп ойланбастан, ол екінші қабатқа өрмелеп шығып, терезеден ата-анасын шақыра бастаған. Дабылды естіген анасы дереу жүгіріп келіп, баласын ішке алып кеткен.
Жергілікті әкімдік ер азаматтың батылдығын атап өтіп, оған алғыс білдіріп, 500 мың теңге көлемінде сертификат табыстады. Белгілі болғандай, Тоқан Байділдин күнделікті өмірде автобус жүргізушісі болып еңбек етеді.
“Сол сәтте тек баланы құтқаруды ойладым. Өзімді ойлауға уақыт болған жоқ. Төменде тұрып-ақ ‘секіріп кетсе, қағып аламын’ деп тұрдым. Бірақ ол отырды, содан кейін жоғарыға шығуға бел будым”, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Екібастұзда ер адамның терезе жақтауында отырған баланы құтқарып қалғаны туралы ақпарат тараған еді.