АҚШ президенті Donald Trump пен Қытай төрағасы Xi Jinping Бейжіңде жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіп жатыр, -деп хабарлайды «Dalamedia» ақпараттық порталы.
Бұл – Трамптың 2017 жылдан бері Қытайға жасаған алғашқы сапары. Кездесуде тараптар Ирандағы ахуал, Тайвань төңірегіндегі жағдай және екі ел арасындағы сауда байланыстарын талқылауда.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары АҚШ пен Қытай арасындағы саяси тепе-теңдік өзгерген. Вашингтон Иран мәселесінде Бейжіңнің ықпалын пайдалануға мүдделі болса, Қытай Таяу Шығыстағы серіктесі саналатын Тегеранды қолдаудан бірден бас тартуға асығар емес.
Келіссөздер барысында сирек жер металдарына қатысты уағдаластықты ұзарту мәселесі де қаралып жатыр. Аталған келісім Қытайдан АҚШ-қа маңызды минералдарды жеткізуге мүмкіндік береді және сауда тартысындағы уақытша мәміле ретінде бағаланып отыр.
Күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі – Тайвань мәселесі. АҚШ аралдың негізгі серіктесі әрі қару жеткізушісі болып қала берсе, Қытай Тайваньды өз аумағының бір бөлігі деп есептейді. Соңғы жылдары Бейжің арал маңындағы әскери белсенділікті күшейткен.
Сонымен қатар, АҚШ Қытаймен ядролық қару жөнінде диалог орнатуға ниетті. Алайда Бейжің бұл бағыттағы әлеуетін талқылауға әзір емес екенін аңғартып келеді.
Трамптың Қытайға сапарына америкалық ірі бизнес өкілдері де қатысып отыр. Олардың қатарында Elon Musk және Jensen Huang бар.